Радиоспорттың Қазақстан Республикасы аумағында даму деңгейі. |
Радиоспорт дүние жүзінде пайда болған кезден бастап әрқашан жоғары интеллектуалды техникалық спорт түрі болып саналады. Радиоспорт жастарды салауатты өмір салты мен әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелейтін спорт түрі. Радиоәуесқойлық пен радиоспорт физика мен информатиканы, география мен астраномияны, шет тілдерін, оның ішінде ағылшын тілін терең оқып үйренуге ықпал етеді. Бүгінгі күні дүние жүзінде төрт миллионға жуық радиоәуесқойлар мен радиоспортшылар бар. Мысалы: Ресей елінде 70000 жуық, Германия мен Англияда 60000-нан, АҚШ-та 800000, Жапонияда 1 млн. Аса радиоәуесқойлар мен радиоспортшылар тіркелген. Ал Қазақстанда бар болғаны 700 адам. Осы келтірілген мәліметтердің өзі ақ мемлекеттердің техникалық даму деңгейінің көрсеткіші сияқты. Өкінішке орай, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары техникалық спорт турлері, оның ішінде радиоспорт түрлері әртүрлі жағдайларға байланысты ұмытылып кетті. Осы жағдайларға байланысты соңғы 15-17 жыл ішінде радиоәуесқолар мен радиоспортшылар саны елімізде күрт кеміп, олардың орта жасы 55 жастан асып кетіп отыр. Республика аумағында кейінгі 20 жыл ішінде радиоспорт түрлерінен спортшылар дайындайтын бір ғана балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тіркелген. Ол Шығыс Қазақстан облысы туризм және спорт басқармасының облыстық балалар мен жасөспірімдер спорттық техникалық мектебі. Республика көлемінде радиоспорт түрлерімен бұрыннан айналысатын жалғыз мектеп. Айналысатын радиоспорт түрі: Спорттық радиопеленгация.
Радиоспорт түрлерінен Ұлттық құрама командалар және спорттық резерв дирекциясы құрамында штаттағы жаттықтырушы ескерілмеген. Радиоспорт түрлерін дамытуда республика бойынша 7 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның 5 спорттық радиопеленгациядан, 3 радиотелеграфиядан, 5 спорттық радиобайланыс түрлерінен. Республика бойынша радиоспортпен шұғылданушылардың жалпы саны - 356 адам. Оның ішінде: Спорттық радиопеленгациямен - 139, Спорттық радиотелеграфиямен - 88, Радиобайланыс жарыстарымен - 180 спортшы шұғылданады.
Республика көлемінде жалпы білім беру мектептері мен оқушылар сарайы шеңберінде радиоспорт түрлеріне арналған радио үйірмелер Астана қаласында, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында ұйымдастырылған. Еліміздің басқа аймақтарында спортшылар радиоспортпен жеке түрде айналысады. Ауылдық жерлерде радиоспорт түрлеріне арналған бірде-бір спорт мектебі немесе үйірмелері жоқ. Тиісті спорт мектептері мен спорт клубтары болмағандықтан ауылдық жерлерде тұратын радиоспортшылар тек қысқа толқындағы радиобайланыс жарыстарына ғана қатысуға мүмкіндіктері бар.
Тағы бір айта кететін жағдай, қазіргі уақытта еліміздегі техникалық және әскери-техникалық мамандар тапшылығының орын алып отырғаны, ол бәрімізге белгілі. Оның орнын толтыруда, жастарды техникалық мамандық таңдауға баулу үшін, радиоспортты дамыту аса маңызды және қажет дүние екенін ескергеніміз жөн.
«Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқой федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2007 жылғы 16 сәуірде құрылып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелген. Федерацияның филиалдары еліміздің 13 аумағында тіркелген, құрамында 500 ден аса мүшесі бар. Дене шынықтыру және, спорт қызметтерін көрсетумен айналысуға мемлекеттік лицензия берілген. Қазақстан республикасы атынан Радиоспорттан тиісті халықаралық ұйымдарға қатысушы болу мәртебесін, құқықтары мен өкілеттіктерін растайтын Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің Аккредиттеу туралы Куәлігі берілген. Халықаралық радиоәуесқойлар одағының мүшесі (IARU).
Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқой федерациясы елімізде радиоспорт түрлерін дамытуда Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері Агенттігімен, Қазақстан Республикасы ұлттық ғарыш агенттігімен, Қазақстан Республикасы транспорт және коммуникация министрлігімен, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігімен және «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясымен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.
«Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқой федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі радиоспорт түрлерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. - «Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқой федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өтініші бойынша, Парламент депутаттарының қолдауымен Қазақстан Республикасының Байланыс туралы заңына радиоәуесқойлар қызметінің статусы жөнінде, Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне радиоәуесқойлар мен радиоспортшыларды радиожиілікті пайдаланғаны үшін салынатын салықтан босатуы жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. - Қазақстан Республикасы байланыс және ақпарат министрлігімен бірге радиоәуесқойлық қызметінің радиоэлектрондық қондырғыларын тіркеу және пайдалану Ережелерін әзілеуге қатысты. - Радиоспорттан республикалық жарыстардың Ережелері әзірленіп, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетінде бекітіліп келеді. - Радиоспорттан республикалық спорттық классификация әзірленіп, бекітілді. - Жыл сайын радиоспорттан республикалық Календарлық жоспар әзірленіп, бекітіліп отырады. - Жыл сайын радиоспорт түрлерінен ұлттық құрама командалары қалыптастырылып халықаралық жарыстарға қатысуға дайындық жүргізіледі. - Федерацияның ұйымдастыруымен жыл сайын Республика көлемінде радиоспорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командалары Европа, Азия және Әлем жарыстарына қатысып отыр. - 2008 жылдан бастап, Азия, Еуропа және Әлем чемпионаттарына радиоспорттан республика құрама командасы қатысып, барлығы – 9 медальға қол жеткізді. Оның ішінде: 1 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль. - 2008 жылы Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқой федерациясының республикалық интернет сайты www.kfrr.kz ашылды. - «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы және ҚР спорт және дене шынықтыру істері Агенттігі қолдауымен республика аумақтарында радиоспорттан балалар спорт мектептерін ашуға ат салысуда. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы және Қазақстанның Радиоспорт және радиоәуесқой федерациясының бастамасы бойынша және Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының жолдаған хаты негізінде, Астана қаласы әкімшілігі мен спорт басқармасы қолдауымен, «Жігер» спорт клубы құрамында, 2013 жылы қаңтар айынан бастап радиоспорт бөлімшесі ашылып отыр. !!! Мұндай бастама еліміздің көпшілік аймақтарындағы облыстық спорт басқармалары тарапынан қолдау тауып, радиоспорт бөлімшелерін ашу мүмкіндіктері Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қарастырылуда.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің келісіміімен, 2014 жылғы спорттық радиопеленгациядан Әлем Чемпионатын өткізу мүмкіндігін жеңіп алған болатын. - Қазіргі уақытта 2014 жылы елімізде өтетін спорттық радиопеленгациядан Әлем Чемпионатын өткізуге дайындық жүргізілуде. Чемпионатты Бурабай ұлттық табиғи қорығы аумағында өткізу жоспарланып отыр.
ҚРРФ Президиум төрағасы, «Нұр Отан» ХДП жанындағы қоғамдық Кеңес мүшесі С. Асаубай
Из истории радиоспорта
|
«Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы» ММ мемлекеттік қызметшілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңын және «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiн» сақтамағандығы туралы хабарлау үшін сенім телефоны: 39-19-38, электронды мекен-жайы: astanasport@gmail.com.